Мұқағали Мақатаев

Арнау

Махамбеттер, Абайлар-ай    І    Қасым, солай болмаса...   І   Төлегенге   І   Пушкингмен қоштасу    І   Сергей Есенинге   І    Бауыржан Момышұлыға    І    Ғабаңа     І   Әбділдаға    І    Фаризаға    І     Арулар    І     Дала данышпаны   І    Поэзия    І    Алматының шәрісі таныс маған...(Тоқашқа)   І    Алпысқа келдіңіздер    І     Мен қарапайым қарттарды сүйемің    І     Жүр досым, аяндайық баққа қарай...(Оспанхан Әубакіровке)    І   Біреуге


МАХАМБЕТТЕР, АБАЙЛАР-АЙ

Өмірдің қысы, жазы, көктемдері,
Қысылтаяң шақтары, өткелдері,
Адамның аққан қаны, төккен тері,
Мұратқа жетпегені, жеткендері —   
Жанымды жеп жүр менің көптен бері.

Атысу, аңдысу мен таласудың,
Санасу, табысу мен жарасудың,
Мінезін мынау адам баласының   
Білсем деп құпиясын аласұрдым.

Алдында алуан-алуан мінездердің,  
Амалсыздан келеді мың өзгергің.
Әркім өзін балайды данышпанға,
Бір-бір құдай санайды бір өздерін.

Білмейді екем...
Қолымнан келмейді екен,
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем.  
Қой енді, тыйылайын, бұғынайын,

Ойымды орасанға бөлмей бөтен.
Жасырмай ойымды айттым талай-талай, 
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
...Айтарын ашып айтқан абайламай,  
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!

* * * * * * * * * * * * *

ҚАСЫМ СОЛАЙ БОЛМАСА...

Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!  
Қасым солай болмаса, несі Қасым,  
«Ақынмын» деп қопандап жүргендердің  
Әммесінен Қасымның десі басым.

Қуат алып жырына бәз-даладан,
Ол жанған.
Күні жоқ-ты маздамаған!
Өлісінде өнеге болғаны анық,
Тірісінде біреуге «жазған Адам...»

Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,  
Өлеңінің өлмеуін арман қылды.
Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,
Қан менен жас аралас тарлан-жырды.
Жеді.
Тынды...
Керемет дерттер теніп,
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп. 
Қасым деген — қалғыған жанартау ғой,  
Жанартау ғой.
Жанды да кетті өртеніп.
«Бір күй бар домбырамда...»
(Иесі Қасым)  
Қасым солай болмаса, несі Қасым!?
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,  
Сөредегі Қасымын есіне алсын!..

* * * * * * * * * * * * *
ТӨЛЕГЕНГЕ
                     І
Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,  
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.  
Торғай-өлең шырылдап бара жатты  
Аузында ажал дейтін сұрапылдың.

Торғай-өлең өлмеді, аман қалды,
Әкетті ажал...
Жыр емес, адамды алды.
Бір өмірдің дастаны басталды да,
Шорт үзілді,
Шоп-шолақ тәмамдалды.

Қаралы лек.
Бозғыл шаң шұбатылды.
Бара жатыр жерлеуге шын ақынды.  
Маржан жырдың мөп-мөлдір бір түйірі  
Құмға түсіп кетті де, уатылды.

Тұңғыш көрдім қайтқанын шын ақынның,  
Қаталы-ай жыл дейтін сұрапылдың!   
Сұңкар төсі томпиып, қарсы қарап,   
Қаршығадай қылшылдап тұратын кім?!

Енді жоқ азаматым, аймандайым,
Жоқ болды құмға сіңген айрандайын.  
Асығыс, ылғи жортып жүруші еді  
Бетпақтан су іздеген жайрандайын...
                         ІІ
Бармандар ақынды жұрт жерлегенде,   
Көрмендер көрдің аузы жабылғанын.  
Көтеріп сендер өны келмегенде  
Көмусіз қалмайды ғой, бауырларым!

Көмбендер!
Топырақты тастамандар!
Жабыла толтырмандар құмды ұраны.  
Ақынды көмсін білмес басқа жандар,  
Басына бармандар да, кұрбылары!

Ет жүректің езілмес кезі ме бұл...
Жылай білсең, шын жыла!
Жасыма тек.
Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл,
Алдындағы апанның басына кеп

* * * * * * * * * * * * *

ПУШКИНМЕН ҚОШТАСУ

«Мы вольные птицы, пора, брат, пора...»
                                                                Узник
Ал енді қоштасайық, сардар аға.
Мен ертең кетем ұшып сардалама,
Қыранның қырандығы — кең далада,
Қыранның қырандығы — тауда ғана.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
 
Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға!
Сөкпей де өкпелемей қал балаңа.
...Ақынның ақындығы — атақта емес,
Ақынның ақындығы — арда ғана.
 
Айтатын арызым бар, аға, саған,
Көңіл — кермек, бой — күйез тамашадан.
Ақымақпын, кей-кейде арыма мен,
Өз қолымен күйені жаға салам.
 
Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған.
Әйтсе де аямапты құрғыр заман.
Болат Пушкин тіріліп кете ме деп,
Тұғырыңды болатпен шынжырлаған.
 
Қарадым сенің қола мүсініңе,
Қоланы да болады түсінуге.
Мені тәңірім жаратқан табынуға,
Сенің мәңгі қақың жоқ кішіруге.
 
Ортасына сауықшыл түсіп көптің,
Мастандым да, масайрап ісіп кеттім.
Мұң шаға келіп едім — ұш! — дедің сен,
Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім.
 
Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан,
Төңкеріліп теңізге тұныпты аспан.
Теңіз бенен аспанның тыныштығын, 
Долы дауыл барады жұлып, қашқан.
 
Хош бол, аға, әлемді тамсандырған, 
«Тас мейманға» табиғи жан салдырған.
 ...Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ 
Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан...
 
* * * * * * * * * * *
СЕРГЕИ ЕСЕНИНГЕ
 
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!  
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей.  
Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем,   
Жаны ашып ақыл берген елге сенбей.
 
Мен-дағы сол жақтанмын, Ауылданмын,
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.  
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,  
Алматы мені солай қабылдады.
 
(Менің де өкіндірер өткенім коп)  
Атқа міндім, алысып, теппедім доп.  
Мен-дағы малды сүйем, итті сүйем,  
Інімнің мандайынан шерткенім жоқ.
 
Шаршағанда ширығам шарап ішіп,  
Саған ұқсап менің де жанады ішім.  
Құлағыма сыбырлап «құран» оқып,  
Иектейді мені де «Қара кісі».
 
Мен де сендей, Серега, күнәдамын,  
Жыр азабын тартамын, тіл азабын.  
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам, 
Қайда барсам - қасымда Рязаным...
 
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Бір ауылдан екенбіз мен де, сен де.  
Басым сынып барады, басым сынып,  
Жөндесем де болмайды, емдесем де.
 
* * * * * * * * * * * * *
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНА
 
Аға,
Саған, білмеймін не айтарымды,
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.  
Көңілдегі ой көмейге кептелді де,
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.
Қайтерімді, білмеймін не айтарымды?
 
Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды,
Неге көңіл, білмеймін, аңтарылды?!
Ақ тұлпарым бар еді саған деген  
Алып ұшпай ол неге қаңтарылды?!
 
Сен зәру емессің ғой құрметке,
(Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен...)  
Тонға емес, орамал жолға жарап,
Сый тартуды атамыз ырым еткен.
 
Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұнкарым бар еді, ұшпай қойды,  
Алсам-дағы басынан томағасын.
 
Қылышымды суырып қынабынан,
Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау...  
Жетімдердің кегі мен жесірлердің  
Суарып ем суалған бұлағына.
 
Қайрап едім зауалдың шарығына,
Қақтап едім қан майдан жалынына.
Қынабына оны да жасырдым мен,
Керек болып жүрер деп халығыма.
 
Қынабына сап қойдым үмітпенен,
Оның несін жасырам бүгін сенен.
Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау,
Назарына ешкімнің ілікпеген.
 
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
 
Ешкімнің назарына ілікпеген,
Саған бір сый тартам деп үміттенем.
Жүрегімнің тапсырған аманатын  
Бере алмай кетем бе деп күдіктенем.
 
Қандай сый тартсам екен, аға саған,
(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?!)
Ешбір сый таба алмасам, аға саған   
Аппақ тонын — атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп аркаңа жаба салам.
 
* * * * * * * * * * * * *
ҒАБАҢА
                                 Ғабит Мусіреповке
Ғабеке,
Анда-санда Сізді көрем,
Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем.
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,
Кегендеп ақ қағазға тіздім өлең.
Мейіріммен қарайтын Сізді көрем,
Басқалар үміттерін үзді менен.
 
Заһармен жібітем деп қу тандайды,
Сеземін, өзін-өзі жұрт алдайды.
Жібітсем кейде мен де қу тандайды,
Басымнан Алатаудың бұлты аунайды,
Біреулер келекелеп, жыртындайды.
Түбінде құртса мені, құртар қайғы,
Алайда жырларымды жырта алмайды!!!
 
Менен де үміт күтіп туған елім!
Мен-дағы үмітпенен туған едім,
Мас болған өлеңіне бір жан едім.
Ғабеке!
Айтсаңызшы мыналарға,
Мен кімнің қазынасын ұрлап едім?
 
* * * * * * * * * * * * *
ӘБДІЛДАҒА

Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай,
Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асанды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патшадайын.
Сөйлесең,
Бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып,  
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,  
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
 
Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Боз қырау босағасын тауыпты өлең.  
Жаман жыр жазғанымда  
Ақ таяғың —
Арқамда ойнай ма деп қауіптенем...
 
* * * * * * * * * * * * *

ФАРИЗАҒА

Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардын бәрі жалғыз.  
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,  
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
 
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясын, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?..
 
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
 ...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын.  
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...
 
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,  
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
 
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды  
Жия бергім келеді, жия бергім.  
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
 
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!  
Кеп тұрады телігім мұнды мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында  
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,  
Көбейтсең де қаншама мынды мыңға...
 
Айналаға қарайтын анық барлап,
(Түн кеткесін күн шығып, жарық болмақ.)  
Не туралы жырласақ, Фариза қыз,  
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
 
Фариза, Фаризажан, Фариза кыз,  
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,  
Подвалдағы архивтен табылармыз...
 
* * * * * * * * * * * * *
АРУЛАР
 
Арулар — асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Қуат боп тасынғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар — асыл жандар!
Арулар — асыл жарлар!
 
Арулар — әрбір үйдің шаңырағы,
Әрбір үйғе от болып жағылады.
Әрбір үйде таң болып атты-дағы,
Әрбір үйге сәуле боп жамырады.
 
Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын,  
Саясына келеді-ау, шуақтағың.  
Жамандыққа қиярсың қалай ғана,  
Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.
 
Арулар — асыл жарлар, сағыныштар,  
Өтініштер, құшақтар, жалыныштар...  
Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды,  
Жақсы көрсе балқытып, жанына ұстар.
 
Арулар - аяулылар, ардақтылар,  
Өмірдің жылуы боп қалмак бұлар.  
Арулар — тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.
 
* * * * * * * * * * * * *
ДАЛА ДАНЫШПАНЫ
 
Дала жатыр өн бойы тұнған өлең.
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.
 
...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,  
Мен емес, солай деген аталарым.
Сол ұранды ұрпакқа апарамын,
Мен қазақ - Абай болып атанамын.
 
Уһ, дала!
Дала толған көл-көсір жыр,
Дала - қобыз, тұтпайды пернесін кір.
Тірі Абайды әлдиле, дарқан далам,
Өлең селі өңірінді тербесін бір.
 
Дала, дала...
Сал дала селеулеген,
Жырмен ұйқтап, оянғап
                                       өлеңменен.
Дала деген - құй сандық бұл
                                         қазаққа,  
Абай десе, құлағы елеңдеген.  
 
Жылдар, жылдар...
Қаншама алыстадың,
Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.
Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,
Уа, армысың, арысым, данышпаным!
 
* * * * * * * * * * * * *
ПОЭЗИЯ

Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Мені сен сезесің бе,
неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сепі іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
 
Сені іздедім кездескен адамдардан,  
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.  
Шырақтардан, оттардан, жалаулардам,  
Сені іздедім жоғалған замандардан.  
 
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,  
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
 
Махаббаттан іздедім, сағыныштан,  
Арманымнан іздедім алып ұшқан!  
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.  
 
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күпнен, түннен, гүлдердің бүршігінен.  
Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,
Жүректердің іздедім дүрсілінен.
 
Сені іздедім сезімге у шараптан да,  
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін, тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!
 
* * * * * * * * * * * * *
Тоқашқа
Алматының шәрісі таныс маған,
Таптағамын көшесін, жаныштағам.
Әнебіреу кассадан ақшамды алып,
Мынабіреу кассаға табыстағам.
 
Әнебіреу мүйісте тура қалып,
Сылқытушы ек топ-торғын сыраны алып.  
Мынау бақта масайрап отырушы ек,  
Күлуші едік, алдымен жылап алып.
 
Не істемесін жас ғұмыр шөлдегенде...
“Атағымыз” таралды елден-елге.
Қалтамызда болмай-ақ қара бақыр,
Қараушы едік аяқ пен кеуделерге...
 
Іше жүріп күн кештік сырамызды,
Кім не десе о десін мына бізді.  
Алматының аяулы ақ нөсері,
Ағыл-тегіл жуады күнәмізді.
 
Жонымызды төсейік тұра қалып,
“Жын ұрған ба?!” - деп қалсын мына халық.  
Күлейік, алдыменен жылап алып,
Жүрейік, алдыменен құлап алып
 
* * * * * * * * * * * * *
АЛПЫСҚА КЕЛДІҢІЗДЕР

 

Бәрін де көрдіңіздер,
Бәріне көндіңіздер,
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер.
 
Менің де әкем келер еді алпысқа,  
Амал нешік, жоқ боп кетті тартыста.  
Амал нешік, селдір сақал қарт ұста,  
Ауылында жүрер еді балта ұстап.
 
Соғыс, соғыс... Соғыс - жауы жер-көктің,
Соны біліп, соғысқа жол бермек кім?!
Егер сонау қанды майдан болмаса,
Жүрер еді топайкөгі еңбектің.
 
Жақсы күннің рақатын сезіп тек,  
Немеремен сауық құрып, кезіп кеп,  
Қайран қартым отыратып еді ғой,  
Өлеңімді оқи алмай ежіктеп.
 
Мен егінсіз қалдырғым жоқ даламды,
Мен көмусіз қалдырғым жоқ Анамды,
Мен әкесіз қалдырғым жоқ баламды,
Ешқашан да өлтіргім жоқ адамды.
 
Алпысқа келдіңіздер,
Бәрін де көрдіңіздер.
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер.
Алпысқа келсек екен енді біздер...

* * * * * * * * * * * * * * *
Мен қарапайым қарттарды сүйем,
Не деген керім еді!
Не біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы - қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді.
 
Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар,  
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар!  
 
Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймып да,
Сендердің мұрагерің атанамын.
 
Осылай деп қарттардан қалап келем,  
Өнеге, өсиетін санап көрем.
Санап көрем... тоймаймын... сұранамын,  
Себебі мен де бір күн жауап берем.  
 
Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл...
 
* * * * * * * * * * * * * * *
Оспанхан Әубәкіровке

Жүр, досым, аяңдайық баққа қарай,
Күн көзін тұман тағы қаптағаны-ай!
Аяз Атаң тәттісін үлестіріп,
Ашшысын екеумізге сақтағаны-ай!
 
Тұрғызбастай тұмшалап қаралықты,  
Жердің бетін ақ ұлпа қар алыпты.
Кеше біздер жылатып тастап кеткен,  
Ойнатып жүр сәбилер балалықты.
 
Топ шымшық тал басына үймеледі,
(Көрінген сауысқаннан именеді).
Бір орында бір биді мың қайталап,
Секектеп олар қашан билегелі...
 
Аяңдайық ауылымыз жаққа қарай,
Қайың да ақ, терек те ақ, ақ қарағай,
Пай, пай, шіркін! Демін-ай жігіт-қыстың.  
Қари ма-ау, күйдіре ме-ау, от па, қалай?..
 
* * * * * * * * * * * * * * *
 
БІРЕУГЕ
                     I
Өсіңіз, жетілініз, тасқындаңыз,
Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау осал, мен орташа  
Бәріміз бір аспанның астындамыз.
 
Сіздің ой біздің оймен бірікпейді,  
Шайқаңыз осы өмірді жүріп мейлі.  
Ойлаңыз, арзан атақ, сасық ырыс,
Сіз өлгепде, қайтадан тірілтпейді!
                      II
Сен қандайсың?
Сен бе?
Сен...
Жыландайсың елге сен,
Жүре алмайсың жөнге сен,
Құрдымдайсың шөлде сен,
Құрымайсың, өлмесең!
 
Сен қандайсың?
Қандайсың?!
Майлы, майда шандайсың,
Жұғып кетсең, қара майсың,  
Алпыс айлалы аңдайсың.  
Адамдарды қармайсың,
Өзгелерге ор қазып,
Өз  көріңді қамдайсың!
 
Сен сондайсың!
Сондайсың!
Барса келмес жолдайсың,
Балшықтағы сордайсың,
Түбінде сен сорлайсың!
Түбінде сен оңбайсың!
Сондайсың сен, сондайсың!
 
* * * * * * * * * * * * * * 

↑жоғарыға

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник